«Бәріміз де Қайраттай болайық»

(0 Votes)

Бұл аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың өткен жылдың аяғында аудан әкімі Бибоз Шаяхметовтың жыл қорытындысымен өткен есеп беру жиналысында өз аузымен айтқан сөзі.

Мәселенің мән-жайы былай еді. Аудан әкімінің есепті баяндамасына қатысушылардың көңілі әбден толды. Бітпеген істердің неліктен екендігіне көздері жетті. Жағалай жарыссөз басталды. Сол тұста Азғыр өңірінен ат сабылтып жеткен Сағынғали есімді ақсақал аға: - Шалғай мекеннен шаруамыз болған соң шаршап-шалдыққанымызға қарамай келеміз. Бір күнде жұмысымыз бітпейтіні тағы анық. Қоналқы орын, т.б. кедергілерге ұшыраймыз. Халықпен жұмыс жасайтын кейбір ұжым басшылары: - Жақсы ертең келерсіз, қазір жиналысым бар еді,-десе, енді біреулері сараң жауаптасып, үлкен басшы екенін ұғындырады. Ал, әлгі «ЦОН» дегенге бармай кетпейміз ғой, сонда бір Қайрат деген жас бала, бастық бар. Алла мың болғыр-ай, орнынан ұшып тұрып амандасып, «алыстан келіпсіз ғой» деп, алдыңа түсіп алып жүгіреді де жүреді. Қайткенде де сол бойда бар жұмысыңды өзі араласып тындырады. Қанша барсаң да сөйтеді. Япырмай, мына қарағым қандай ата-анадан туды екен, құдайым тек тіл мен көзден сақтап, ғұмырын ұзақ қылғай еді дағы деп өзіне айтпай талай рет ақ батамызды беріп кеттік, - деді азғырлық аға. Аудан әкімі: - Қайрат, барсың ба, орныңнан көтерілші,-деді сонда. Қайрат орнынан тұрды. Залдағылар дүсірлете қол соқты. Неткен сирек ұшырасар жарасты көрініс еді! Әлі күнге ойымнан бір кетер емес, оқырмандарға жеткізсем деп қалып едім сол жолы, сәті түскені бұл.

Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы қорытынды сөзінде: - Халықпен сіз-біз десіп дұрыс жұмыс жасаңыздар, мемлекеттің қызметкері екенсің, иба сақтап, әдепті бола біл! Қысқасы, бәріміз де Қайраттай болуымыз керек. Заң да, заман да бізден соны талап етуде,-деп тұжырымды ойын айтты. Бөлеков Қайрат Қуандықұлы деген бұл азаматымыз халықтың ең көп келетін жері - «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы К.Е. АҚ Атырау облысы бойынша департаменті Құрманғазы аудандық бөлімі» аталатын мекемеде біраз жылдардан басшы. Тым жастай лауазымды орында болуына қарамастан сол бір жылы көзқарас, жібектей есілген биязы мінезден бір ауытқып кеткенін көрмейсің ғой оның. Өзі де жұқалтай нәзік, сөзі де солай гүлдей үлбіреп тұрғаны. Ауданның Жұмекен ауылындағы Еңбекші орта мектебін бітірген бойда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне экономика бөлімі бойынша оқуға түсіп, «Жергілікті мемлекеттік басқару» мамандығын алып шығады. Жұбайы Сүгірәлиева Әзиза аудандық қазынашылық бөлімде маман. Нұрасыл ұл - 5, Айназ қызы 3 жаста. Демек, уыздай жас отбасы. Қайрат бір үйдегі екі баланың бірі болса, алдындағы ағасы Ринат Бөлеков Атырауда, ол да отбасылы. Сондағы кірістер басқармасында бөлім басшысы. Ұрпағынан мерей көрген ерлі-жұбай Қуандық пен Сәния 58 жастағы құрдастар болып шықты. Отағасы Қуандық Оразұлы үй тірлігімен айналысса, Сәния Рахметқызы Қаршығаева мектепте мұғалім. Өздері ұлағаты мол, өнегелі жандар болса, ұрпағы одан қияс кетіп, жүген үзіп қайда барады, «балта сабынан озбайды» дегендей. Бүгінгі шақта мемлекеттік қызметкердің этикасы деген жиі айтылуда. Алдыңа келген жанға зіркілдеп дөңайбат көрсетуден аулақ, сыпайы, инабатты, әдепті болып, көргенді елдің азаматы атан.

Мысалы, біз әңгімелеп отырған Қайрат Бөлеков осы қойылар талаптың лайықты өкілі. Өзі де кісілігінен айнымай, қарамағындағы 32 бірдей қызметкерден де соны талап етіп, алғыс пен абыройды текеметтей текшелеп жиюда. Біз өз саламызда көпті көрдік, ұзақ сапардан тергеніміз мол. Сана сарғайды, шаш ағарды. Кеңестік кезде де биязы, сөзі бипыл, жөн-жосығын парасат көмкерген тамаша басшылар болды. Есесіне ерсілігіне мадиықтанған, алдына адам келсе кірпідей жиырылып, ауызынан балағатына қоса түкірігі бірге шашырайтын жетесіздер де жиі кездесті. Айналасына ысқырынған, тек өзінікін жөн санайтын, адуын мінез, озбыр әйел басшылардың болғанын да көпшілік жақсы біледі. Оларды жастары ұлғайып зейнетке шыққанда жұртшылық жатырқай бастады. Жиын-тойларға, көпшілік шараларға өздері сұранбаса, шақырылмайды да. Адамдар ондайлардан әбден зәрезап болған. Ал, келе қалса «ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, біреулерге қараптан - қарап тиісіп, төңірегін бүйі шаққандай безілдетеді. Сондықтан, олардан адамдар аулақ болып, тыныш жүргенді ұнатады. Қорыта айтқанда, ес білгеннен естелікке айналғанша кісілігіңді жоғалтпа деу, бұл қазақы қалып, ата-дәстүр ұлағаты, әрі Тәуелсіздік туын көтерген мемлекет талабы да. Сирек те болса ондайлар арамызда бар, соның бірі әлгі айтқан бозбала басшы, мың болғыр Қайрат Қуандықұлы Бөлеков деп тағы да қайталап, бұл шағын баянымыздың аяғын тұйықтаймыз.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521