Бөгеттер бөтеннің мүлкі емес

(0 Votes)

Судан қорғану бөгеттері бөтеннің мүлкі емес, осы аудан тұрғындарының ортақ меншігі. Бірақ, соған қарамастан оған деген көзқарас кемшін.

Олай дейтініміз кейбір жігіттер ауыр техникаларымен бұзып – жарып үстінен, кез келген жерінен өтіп жатқанда: «Шырағым, мынауың не, бұл су тасқыны болған жағдайда ел – жұртты апаттан аман алып қалатын жалғыз тірегіміз, осы бөгеттер ғой, бүлдіруіңе жол болсын» - деп ескерту жасайтын үлкенді немесе өре – тұра қарсыласып жатқан жасамасты көңілі түскір қанша дәметкенімен әлі күнге кездестіре алмай келеміз.

Тіпті бірқатар отбасылар сол бөгеттердің үстіне әжетханалар орнатқан. Өткен жылғы тазалық айлығы кезінде олардың бірқатарын түсіністік танытқандар алды. (Ганюшкин округінде). Ал, жекеленген округтерде әлі де баршылық екені кәміл. 1979 жылғы тасқын ел есінде. Осы қорғаныс бөгеттерінің негізі сол жылдары қаланды. Артынан жыл сайынғы көктемде әлсіз тұстары қаліпке келтіріліп, жетілдірілді. Бұл қыруар қаржы, техника, адам күші жұмсалған, маңызы ерекше, көздің қарашығындай сақтайтын құнды дүние. Осы ауданды мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің ортақ меншігі.

Бөгеттерді бұл күндері қараусыз жатқандай көріп, ойына не келсе соны істейтіндер бір күні опық жеп, бармақтарын шайнап қалулары әбден мүмкін. Бір кездері осы бөгеттерден саз алып, тас соғып жатқан ағайындарды да көзіміз көрді. Мұншалықты бейғам әрі жүрексіз болармыз ба? Басқа –басқа, судың тасып кетсе, қаншалықты қатері болатынын осы ауданның тұрғындары білуіндей-ақ біледі. Сөйте тұра, әлгіндей көзсіз әрекеттерге барамыз.

Судан қорғаныс бөгеттері сан қайтара өлшеніп, әлсіз тұстары қайыра қаліпке келіп, анықталып, округ әкімдерінің балансына (меншігіне) берілді. Ол әлі де биіктеле, нығыздала, жақсара түспек. Себебі, жаман айтпай жақсы жоқ бір күндері көгілдір экраннан көріп, куә болып жатқанымыздай, сарқырап су таси қалса, біздің асығыс жинақталып елді мекеннен көшіп кетуімізге (бетін әрмен) мүмкіндік бере тұратын осы бөгеттер.

«Біздің басымыз аман, жұрт не болса о болсын» деп тоғышарлық пиғыл танытудан аулақ болып, жапа шегіп жатқандар өмірінен терең сабақ алуға тиіспіз. «Апат айтып келмейдіні» бабалар бастан әбден шегіп барып айтқан. Сондықтан қорғаныс бөгеттеріне баршамыз бірдей «ол ортақ дүниеміз ғой, әлдеқандай шырғалаң оқыстан киліксе, мұрша беретін сенімді, жалғыз тірегіміз ғой» деп жанашырлық көзқарас танытайық, ағайындар! Оны ойсыздықпен бүлдірушілерге тосқауыл қоятын да сіз бен біз.

Т.ТАСМҰХАНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521