Ауылды өркендету – айрықша назарда

Аудан тынысы

Құрманғазы аграрлық-техникалық колледжінде «Ауыл» халықтық демократиялық партиясының атынан Қазақстан Президенттігіне ұсынылған кандидат Төлеутай Рақымбековтың сенімді өкілдері болашақ сайлаушылармен кездесті.

«Ауыл» халықтық демократиялық партиясы Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Қадіржан Арыстан партияның жұмысы жайлы егжей-тегжейлі түсіндіріп, оның ауданымыздан төрағасы болып шаруа қожалық иесі Серік Алғаязов тағайындалғанын қаперледі. Еліміздің ең жоғары лауазымына үміткердің облыстағы сенімді өкілі Өркен Қапанов кездесуге келгендерді сайлауалды тұғыр¬наманың негізгі тармақтарымен таныс¬тырып, алдағы саяси науқанға белсене қатысуға шақырды.

«Ауыл» пар¬тиясының кандидаты Төлеутай Рақымбековтың бағдарламасында ауылдың инфрақұрылымына айрықша көңіл бөлініп, дәстүрлі шаруашы¬лықты қолдауға маңыз берілген. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – халықтың әл-ауқатын арттырудың кілті, ауылды өркендетудің басты құралы екендігі айтылады.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласы мамандарының жалақысын көтеру, сонымен қатар тракторшы, фермер, бақташы мамандықтарына кейінгі буынның қызығушылығын арттыру, жастарды ауылда тұрақтандыру, ел тұрғындарын отандық өніммен қамтамасыз ету сынды өзекті мәселелер талқыланды. Бұдан кейін партия мүшелері ауданымызда салынып жатқан құс фабрикасының жұмысымен танысты.

А.Шакупова