Ауылды дамытуға арналған жоба

Аудан тынысы

Бүгінде құрылғанына 20 жыл толып отырған «Нұр Отан» партиясының республикамыз бойынша 1 миллионнан астам мүшесі бар. Осы мерзім ішінде партия халықтың үлкен сеніміне, қолдауына ие болып үлгерді. Себебі қоғам өмірінің маңызды мәселелерін көтеріп, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосқан «Нұр Отан» сөздің емес, нақты істердің партиясы екенін дәлелдеді. Ауданымызда да атқарылған бірқатар жұмыстардың басы-қасында болып, олардың тиісті дәрежеде орындалуына атсалысты.

Партияның халыққа қаншалықты жақындығына осы съезд тағы бір мәрте көзімізді жеткізді. Өзім кезінде аудандық партия филиалы төрағасы қызметін абыроймен атқарғанымды, біздің филиал 2009 жылы облыс бойынша үздік атанып, 2013 жылы республикалық байқауда жүлделі орын алғанын мақтан тұтамын.

Мысалы,Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» атты жобаны іске асыруды ұсынды. Бұл қазақтың алтын бесігі – ауыл тұрғындарына жасалған үлкен қамқорлық деп есептеймін. Жобаның көздегені жастарды ауылға тұрақтандыру. Осы мақсатпен 2019-2021 жылдарға арналып, 90 млрд. теңге қаржы бөлінбек. Айта кетейік, мұны іске асыру үшін 7 мыңнан астам ауыл үш топқа бөліп қарастырылған. Үкіметке халық саны көп, орталықтағы ауылдарды әрі қарай дамытып, жағдайы орташа және шағын ауылдарға көмектесу міндеттелді. Съезде Мемлекет басшысы, партиямыздың төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біздің ауылдарды өсім нүктелеріне айналдыруымыз керек. Әрбір ауылда қандай да бір жұмыс орнын ашу қажет. Ол үшін микронесиелер бар. Жұмыс берсек тұрғындар ауылда қалады. Бізде бірінші мамандықты тегін оқыту жүйесі, Жол картасы болғандықтан мүмкіндіктер мол. Осы бағытта нақты жұмыстар жасалуы тиіс. Баспана мен жол салып, әлеуметтік нысандарды тұрғызып, шағын және орта бизнесті дамыту керек. Әрбір ауылдың өзінің әлеуеті бар. Ол үшін өңдеу өнеркәсібін дамыту керек. Елімізде үлгілі ауылдар жетерлік», - деген Президент Үкіметке осыған байланысты «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру үшін ұсыныстарды әзірлеуді тапсырды.

Қазір ауылда жұмыс таппағандықтан сабылып қалада жүргендер жеткілікті. Көбінің ұсынылған жұмысқа барғысы келмейді. Өзінде жұмыс күші жетіп артылатын шаһарда екінің біріне жалақысы мол орын бұйыра бермейді. Біздің ауданымызда мал өсіріп, егін егуге, қамыс тақта байлап сатуға болады ғой. Құрылыс бригадаларын құрып та еңбек етуге мүмкіндік бар. Бүгінде тұрғын үй, ғимарат салу жұмыстарын шет елден келген жалдамалылар атқаруда. Жалпы кәсібін ашқысы келген адамға қолдау жоқ емес. Тек соны пайдалана білген жөн. Жастар жұмыссыз ретінде тіркеліп қоюмен шектелмей жергілікті билік орындарына барып өзінің белгілі бір кәсіппен шұғылданғысы келетінін айтып көмек сұраса, олар бағыт сілтеп, қол ұшын береді. Ең бастысы талпыныс қажет. Сондықтан мемлекет тарапынан өздеріне көрсетіліп жатқан осындай қамқорлықтардан жастарымыз шет қалмауы тиіс деп ойлаймын.

Төреміс Шәріпов,

партия мүшесі,

«Серпер-2» ЖШС директоры.