Ауылда отырып ақша алыңыз

(0 Votes)

Құрманғазы ауданының кәсіпкерлері үшін жағымды жаңалық бар. Енді «Бастау» жобасы аясында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан шағын несие алуға арыз толтыру үшін облыс орталығына барудың қажеті болмайды.

Бұл аталған қордың жергілікті бөлімшесі мен кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған келісімшарт негізінде мүмкін болды. Құрманғазылық кәсіпкер Батырбек Әміров бұрын несие рәсімдеу үрдісінің тым ұзаққа созылғанын айтады.

– Бұған дейін қандайма бір проблема туындай қалса, 240 шақырым жерді еңсеріп, облыс орталығына баруға тура келетін. Бірде облыстық әкімдіктегі ауылшаруашылық басқармасының өкілдерімен бір рет кездесу үшін төрт күн уақыт жұмсағаным бар. Енді жағдай түзеледі деп сенемін, - дейді ол.

Осы орайда, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Жасыратыны жоқ, аймақта мемлекеттік бағдарлама аясында несие алушылар қатары әлі де болса аз. Тіпті, кейбір ауылдық округ тұрғындарының берілген мүмкіндікті мүлде пайдаланбайтыны таңқалдырады. Бұл ретте, жергілікті әкімдіктер тарапынан да белсенділік төмен.

Сол сияқты, мал шаруашылығын қолға алған Теміртас Сұлтанғалиев ірі қараны асылдандыру үшін сырт елден сиыр алудың тиімсіз екенін айтады. Айтуынша, бүгінде бұл бағытта 40 миллион теңгеге дейін несие беріледі екен. Бірақ бұл қаншалықты пайдалы? Одан да өзіміздегі ақбас сиыр тұқымын көбейткен жөн емес пе? Мәселен, соны Батыс Қазақстан облысында таза ет өндірісі үшін пайдаланады. Демек, Атырауда да солай жасауға болады.

Айта кетейік, қазір ауданда «Бастау» жобасы бойынша 160 тұрғын оқытудан өткен. Оның 16-сы бизнес бастауға несие алса, 10-ы кезегін күтуде. Жыл соңына дейін тағы 257 адамды оқыту жоспарлануда.

Амандық Сағынтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521