Ауыл жұрты аспаннан нұр тіледі

(0 Votes)

Көктем басталғалы көк жүзінен нәр тамбай қыр бойының қылтиған көгі әбден сарғайып күйіп кетті. Ішкі бойдың аралдары әлі су астында жатыр.

Малмен күнелтісін айырып отырған аудан жұртына қиын тиеді-ау биыл! Адам қолынан келері жаратушы хақ – Алла әміріне жүгіну, садақа беріп, тілек тілеу ғана. Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қанат Айтжанұлы Ғаббасов ақсақалдар алқасының төрағасы Ғаділхан Қалиевпен, округтегі ақсақал-қарасақалдармен ақылдаса келе ірі қара мал шалып, садақа беруді ұйғарыпты. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы «Құрмет» орденінің иегері Ғаділхан Қалиев жұртшылыққа қаратып: – Қадірлі Еңбекші ауылының тұрғындары! Бүгін біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Тәңіріден тілек тілеуге жиналып отырмыз. Қасиетті Рамазан айындағы ізгі ниетіміз қабыл болғай! Шүкірлік етерлігі осындай көппен бітетін бір жұмысты қолға алсақ, бұра тартатындар болып көрген емес. Бұл ауызбіршілігіміздің көрінісі. Алла дегенге жеткізсе нөсерлеп жауын жауатын шақпен де қауышармыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, қош келдіңіздер,-деді.

Одан әрі белгілі имам Сүндетқали Жанханов Құран аяттарын молынан келтіріп құран-дұға бағыштап, көпшілік қауымның ортақ тілегі қабыл болсын деген баталы тілек, бәтуалы сөзін арнады. Кезінде облысқа белгілі шопан болып, сол шаруаны ұрпағына аманаттаған Төлеп Өтеулиев ақсақал: -Қанат сен төңірекке танымал емші, белгілі сынықшы Күрт атаның немересі екендігіңді дәлелдеп ылғи да иманды істің, өнегелі шаруаның бастамашысы болып жүрсің, бұл да соның анық көрінісі. Қабыл болсын, ұзақ жаса, ел-жұртыңа қадірің арта берсін! Мына ауылдастардың тілегін Алла қош көрсін, – деді. Осы негіздес тілекті Теміртас Елеусінов, Қадір Өтеғалиев ақсақалдар да төгілдіріп айтып, құдайым бізді осындай ауызбіршіліктен айыра көрмесін деп тебіренді қос қария. Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов:

- Мен бұл имандылық толы істеріңізге аудан әкімі ретінде ғана емес, осы округтің «Қадыр» ауылын мекендейтін тұрғыны ретінде қатысып отырмын. Еділ суы алқаптарды басқанымен көзбен көріп жүргенімдей қырда шөптің қуарып күйіп кеткені рас. Жаңбыр болсын деген тілек мені де күндіз-түні мазалаумен келеді. «Садақаны сауда бер» деген халық даналығы бар, қабыл болсын! «Алғыспен ер көгерсе, жаңбырмен жер көгерген». Нөсер жауын төкпелеп келіп, өкпелі ағайынның реніші тезінен тарағай, - деген тілегін жеткізді.

Ата-баба дәстүрін әлі де жете біле бермейді екенбіз. Округ әкімі Қанат Ғаббасовтың айтуына қарағанда мұндай садақаға дене мүшесінде жарақат ізі жоқ, түсі қара сиыр малы шалынады шамасы.

– Мына сойылып отырған қара сиыр қырдан алдырылды. Иесіне пұлы өзі айтқан мөлшерде төленді, - деді ол табақ-табақ ет тартылып жатқан тұста.

Шай дастарханында бауырсақ, басқа дәмнен бұрын жұртшылық пісірілген шелпектен ауыз тиіп, «қабыл болсынын» айтып жатты. «Тәңірім елімізді тыныш, жұртымызды аман етіп, аспаннан келер нұрыңды тездетіп бере гөр» тілегін айтқандар өте көп болды. Олардың қатарында «Еңбекші» ЖШС төрағасы Мұқар Шаяхметов, ардагер ана Антонина Давақызы, «Батыр ана» Ұлжан Қожанова, ардагер ұстаз Зылиха Отарбаева, ауыл мұғалімі Сәлімғали Өтеуғалиев, тұрғын Елемес Жұмарыстанов, «Батыр ана» Балапан Меңдешова, еңбек ардагері Мүтәфира Мусаева т.б. болды. Қанат Айтжанұлы округ әкімі ретінде осы бір имандылыққа толы, Тәңіріге тілегімізді қабыл қылғайсың деген ишарат білдірілген 400 адамдық басқосуды өзі қорытындылады. Қадір Өтеғалиев ақсақал бата беріп, бұл жолы Ізбасар Саконов қария күңірентіп Құран-дұға бағыштады. Жұмекен ауылында өз дінімізге, ата-дәстүрімізге сай салтанат құрған бұл бір имандылық көріністің ұлағатты тұстары мол еді. Бізден де тілек: Сауда берген садақаларыңыз қабыл болсын!

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521