Аукцион өтті

Аудан тынысы

Құрманғазы аудандық жер қатынастары бөлімі аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында жалдау құқығын сату үшін ұсынылатын жер телімдеріне аукцион өткізді.

Оған аудан әкімдігі жанындағы жер комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров, комиссия мүшелері және өтінім берушілер қатысты.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Хасанов аукционның өтуі жөнінде қысқаша түсінік беріп :

- Бұл аукцион Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48 бабы және «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды), оның ішінде электронды түрде ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы №792 бұйрығына (қағида) сәйкес өткізіледі. Аукционға 18 лот бойынша жер учаскелері ұсынылып, оның ішінде 1,2,11,14 лоттар бойынша өтінімдер түсті. Өтінім берушілер саны -12 адам. Қалған лоттарға өтінімдер түспеуіне байланысты қағиданың 37 тармағына сәйкес келесі аукционға шығарылады. Әрбір сауда-саттық нысанның атауын, қысқаша сипаттамасын, аукционды өткізу әдісін, бастапқы баға мен бағалардың өзгеру қадамын хабарлаудан басталады. Аукцион ағылшындық әдіспен өтеді.

Сатушы мен сатып алушы арасында сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысулар жүргізіледі. Есеп айырысу мынандай тәртіппен жасалады. Аукцион барысында белгіленген бағаның елу пайызы мөлшерінде аванстық төлем сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап банктік бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде енгізіледі.Кепілді жарна тиеслі аванстық төлемнің шотына есептеледі, - деді.

Өткізілген аукцион нәтижесінде 1 лот – 584 мың (бастапқы бағасы 560000), екінші лот – 20 млн (504000), 11 лот – 100 мың (78736) , 14 лот – 55 мың (33750) теңгеге сатылып, аудандық бюджет біраз қаржымен толықты. Түсінікті болу үшін айта кетейік, бұл аукционда жерді 3 жылға жалдау құқы сатылып отыр.

Қанат ҒҰМАРОВ