АУДАН ӘКІМІ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Аудан тынысы

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Қайрат Нұртаев аталмыш партияның ғимаратында тұрғындарды қабылдады.

Алғашқы болып кірген Ақкөл ауылдық округінің тұрғыны Бергенғали Жакашев «Камаз» автокөлігі үшін төленетін салықты толықтай жапқандықтан сот орындаушысы 3. Дүйсеновадан қызметі үшін ұсталған қаражатын қайтаруға көмектесуді сұрады.

i

Бұл жерде даулы мәселені туындатып отырған себеп күнделікті өмірімізде жиі кездесетіндіктен аздап тоқталып өтейік. Қазір көп қызмет электронды түрде атқарылады. Салыққа берешегі жөніндегі хабар Б.Жакашевке автоматты түрде жіберілгенімен, интернет желісін қолданбайтындықтан кеш естиді. Берешегінен құтылғанымен сол аралықта сот бұйрығы сот орындаушысының қолына тиеді. Түсінік бере кетсек, егер сіз төлемді сот орындаушысы араласқанға дейін төлесеңіз ол ерікті, керісінше жағдайда мәжбүрлі түрде жасалған болып есептеледі. Екінші жағдайда сот орындаушысына қызметі үшін 10 пайыз төлеу заңда қарастырылған. Мына жағдайда салық төлемін төлеуші берешегінен құтылғаны жөнінде дер кезінде З.Дүйсеноваға ескертпеген. Жалақысынан ұсталған 130 мың теңге кері қайтарылғанымен, енді сот орындаушысына 30 мың берешек болып шыққан. Туындаған мәселеге орай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұрлан Харесов, сот орындаушысы Зоя Дүйсенова түсінік берді. Аудан әкімі Қ.Нұртаев басқарма басшысына алға қарай мұндай келеңсіздіктер орын алмас үшін қарызы бар адамдардың тізімін жасап округтерге беруді тапсырды.

i

Келесі кезекте аудан әкімінің қабылдауына кірген Сафон ауылдық округінен келген көп балалы ана Бақыт Сиражева 9 сыныпты жақсы бітіріп Х.Дүтбаева атындағы колледжге түскелі отырған қызына қандай жеңілдіктер барын сұрады. Оған грант бұрынғыдай ауданнан емес облыс әкімі жанынан жоғары оқу орнына түсушілерге ғана бөлінетіні түсіндірілді. Алты баланың анасы, Дыңғызыл ауылдық округінің тұрғыны Мейрамгүл Жүнтаева атаулы әлеуметтік төлем мен үй мәселесін алға тартты. Жұмыспен қамту орталығының директоры Базарбай Өтеулиев әлеуметтік төлемге қатысты түсінік бергеннен соң, аудан басшысы 100 – ге тарта көп балалы аналарға баспана кезек-кезегімен берілетінін жеткізді. Кудряшов ауылдық округінің тұрғыны Бақыт Сәтжанова Қайрат Талапұлынан ақылы қоғамдық жұмысқа орналасуға көмектесуін өтінді. Аудан басшысы бұл мәселені шешуді аталмыш округ әкіміне тапсыратынын айтты. Дыңғызыл ауылдық округінің тұрғыны, көп балалы ана Қалыгүл Жомартова да жұмысқа орналасуына ықпал етуді сұрады.

i

Қанат ҒҰМАРОВ