Асанға көгілдір отын жетті

Аудан тынысы

Азғыр өңірі тұрғындарының көптен күткен арманы орындалды.

i

 

Қазақша айтсақ «Ақ түйенің қарны жарылды», яғни, көгілдір отын жетті. Өткен бейсенбі күні ол алғаш рет Асан ауылында тұтатылғанына куә болдық. Енді ауыл адамдары ақ тер, көк тер болып отын жарып, қи, тезек жағып, күл шығарудан құтылады деген ойдамыз. Әрі бұл халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартып, аймақтың дамуына оң ықпал етіп, тың серпін берері сөзсіз. Ең бастысы құнттап, үйге бір кіргізіп алса болғаны. Малмен отырған ағайындар екі-үш ірі қарасын сатса, оған жұмсар ақша да табылады. Газдың жылдық төлемі де қымбат емес. Асандықтар және Азғыр өңіріндегі өзге де елді мекендер көгілдір отынның игілігін көреді деген үміттеміз. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Айбек Крамбаев, «НКОК» компаниясының өкілі, жерлесіміз Руслан Әубекеров, аудан әкімі Қайрат Нұртаев қатысты.

i

i

Облыс әкімінің орынбасары Айбек Крамбаев тұрғындарға аймақ басшысының атынан құттықтаған соң: – Бұл жоба тікелей Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының шекара маңындағы аудандарды дамыту және сол жердегі халықтың тұрмысын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сай жүзеге асты. Сол кездегі Атырау облысы әкімі қызметін атқарған Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов оған өзі тікелей атсалысып, орындалуын қадағалап, бақылауында ұстаған болатын. Қазіргі таңда Нұрлан Асқарұлы мен әріптестері жүзеге асырып отыр. Қасымызға еріп келген НКОК компаниясы, мердігер мекеме басшыларына алғысымызды білдіреміз. Көгілдір отынды өңірге алып келу халықтың тұрмыс-тіршілігіне, шағын және орта бизнестің дамуына өз ықпалын тигізетініне сенімдіміз, - деді.

i

НКОК компаниясының өкілі Руслан Әубекеров: – Еліміздің астанасы күні және Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мерекесі қарсаңында үлкен шара өткізіп, осы Азғыр өңіріне газ жеткізілді. Жаңа айтып кеткен НКОК компаниясын білетін шығарсыздар, бұрын ол «Аджип» деп аталды. Сол өзінің әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы бойынша осы жұмыстарды атқарды. Бүгінгі күні Қашаған кен орынын игерген компания өзінің бастапқы, негізгі қызметінен басқа әлеуметтік жобаларды жасап келе жатырғанына 20 жылдан асты. Осы уақыт ішінде Атырау өңірінде жүзден астам жобаны аяқтап, пайдалануға тапсырды. Соның бірі бүгін өздеріңіз куә болып отырған ауылға келген көгілдір отын. Бұл жұмысты жасауды сол кездегі облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы ұсынғанда өз басым қуанышпен қабылдадым. Себебі мен осы ауданның азаматымын, өскен жерім Құрманғазы ауданы. Сүйіндік кеңшарында онжылдық мектепті бітірдім. Сондықтан бұл жоба маған өте ыстық, әрі оны атқару тапсырылғаны ең бір қуанышты сәт болды. Мен мұндағы халықтың жағдайын жақсы білемін. Шалғай аудан, шекаралас ел, жол қатынасы қиын. Айбек Өтеғалиұлы жаңа айтып өткендей осындағы 10 елді мекенге көгілдір отын келіп жатырғанына шын жүректен қуаныштымын, - дей келе еліміз көркейіп, жеріміз жақсара берсін деген ізгі тілегін жеткізді.

i

Көгілдір отынның алауын тұтату облыс әкімінің орынбасары А. Крамбаевқа жолданды. Ауыл тұрғындары қошемет көрсетіп, әжелер шашу шашты. Лап етіп көкке шапшып, желмен тербелген алаумен бірге асандықтардың жүздері жадырап сала берді. Жан-жақтан ұялы телефонмен суретке, видеоға түсіріп жүрген ауыл адамдарының ертең-ақ жағымды жаңалықты жақындарына жеткізері анық.

Алау тұтатылғаннан кейін сөйлеген Асан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Әліпов: – Ауылға газ жетеді дегенге сене қоймап едік. Үлкен басшыларымыз сөздерінде тұрды. 9 миллиард ақша бөлініп, сау болсын бәрі де жақсы жұмыс жасады. Қалың құмды қақ жарып Нұрлан Асқарұлы да келіп кетті. Азаматтарымыздың баршасына көп-көп алғыс айтамыз. Газ, су болмаса халық тұрақтамай жан-жаққа көшіп кетуі мүмкін ғой. Баршамыздың да қуанышымыз ұзағынан болсын, - деп сөзін «өзіміз қосқанша газді бірінші тартқандардың үйінен шәй іше тұрармыз», деген ақжарқын әзілмен аяқтады.

i

Ауыл тұрғыны, қоғамдық кеңес мүшесі Серік Сариев: – Ауылымызға көгілдір отын келіп жатқаны үшін бірінші Аллаға, сосын басшы азаматтарға мың сан рахмет! Халықтың мұң-мұқтажы орындалуының бастамасы осы деп санаймын. Жасыратыны жоқ облыс басшылары талай рет үстімізден тікұшақпен Сүйіндікке, Балқұдыққа асқанын көрдік. Тоқтап, амандық-саулық сұрасуды білмейтін. Өзімізді жұртта қалғандай сезінетінбіз. Сіздер кеткен адамдарды жамандап жатыр деп ойлап қалмаңыздар, олар да қадери-халінше, қолынан келгенше жұмыс істеді. Бірақ, қазіргі облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына ерекше ризамыз, жолдың қиындығына қарамай автокөлікпен келіп, 2 рет аулымызда болды. Осы жұмыстың басы-қасында жүрді. Оған ілесіп, қолдау көрсеткен аудан басшыларына да алғыс айтамын. Қатысып тұрған басшылар әрдайым халықпен бірге болыңыздар! Халық жүрген жерде береке бар. Оның мұқтажын өтеп жүрсеңіздер, сіздердің қадірлеріңіз артады, - деді. Ауыл өнерпазы Батыржан Құбашов «Ауылға барамын», атты әсем әнді орындады.

i

Газ желісі жанында өткен салтанатты шараны аудан әкімі Қайрат Талапұлы қорытындылап: – Бүгінгі сәтті Құрманғазы ауданы үшін тарихи кезең деп айтсақ та болады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбевтың сарабдал саясатының арқасында, шекараларды дамыту бойынша жасаған іс-шараларын жүзеге асыру негізінде, Бақтықожа Салахатдинұлының бастауымен, Нұрлан Асқарұлының қолдауымен үлкен жоба жүзеге асқанын жаңа көрдік. Осы жобаны қысқа мерзімде, өзінің уақытына дейін аяқтап, тапсырып жатқан мердігер мекеме басшыларына да алғысымызды білдіреміз. Асанда ғана емес, Сүйіндіктегі, Балқұдықтағы жағдайы төмен отбасыларына да көмектесіп газ тартып беріп отыр. Істеген істеріңіз сауаптан болсын! НКОК компаниясы аудан орталығында 60 пәтерлік тұрғын үйді де аяқтап жатыр, бұйырса осы үшінші тоқсанда тапсырмақшы. Еліміз дами берсін, әрқашан ауызбіршілігімізден айырылмай, тек осындай жақсылықта кездесейік, - деп қуанышты бөлісіп жатқаны үшін облыстан келген қонақтарға аудан тұрғындары атынан ризашылығын жеткізді.

«Сіздер жасаған жақсылықтар ертең алдарыңыздан шығады. Алға қарай да қолдан келгенше осылай аз қамтылған, көп балалы отбасыларына, жағдайы төмен адамдарға демеуші бола жүріңіздер», - деді облыс әкімінің орынбасары А.Крамбаев мердігер мекеме өкілдерімен әңгімесінде.

Өстіп жылдың екінші жартысы жағымды жаңалықпен басталды. Үлкен күшпен, қиындықпен, облыс пен аудан басшыларының күш салуының арқасында Азғырға газ жетті. Елбасы тапсырмасын бұл өңірде жүзеге асыру оңайға түспесе де істің басында жүрген азаматтар жолдың шалғайлығы мен қатынастың қиындығына қарамастан оны абыроймен орындап шықты. Енді қалып тұрғаны тұрғындардың көгілдір отынды үйлеріне кіргізіп алуы ғана. Ол да тиісті дәрежеде ұйымдастырылатынына сенімдіміз. Жақсылықтарымыз жалғасын таба берсін!

Қанат ҒҰМАРОВ