«Аналарға, мың алғыс!»

Аудан тынысы

Абай атындағы жалпы орта мектепте аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Аналарға, мың алғыс!» атты мерекелік шара өтті.

Оған мекеме басшылары, ауылдық округтердегі аналар кеңесінің мүшелері, ұстаздар, қоғамдық ұйымдардың төрағалары, аяулы аналар мен ақ жаулықты әжелер қатысты. Аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Ғайни Карина, ардагер ұстаз Мырзан Сапарова татулық пен бейбітшіліктің ордасы болған қазақ жерін мақтаныш тұтатындарын жеткізіп, халқымыздың мейірбандығы, қонақжайлығы өзгелерге үлгі екендігін тілге тиек етті. Жас аналар атынан сөз алған Жаңаталап ауылдық округінің тұрғыны Тілекші Мусағалиева мерекелік лебізін білдіріп, шараны ұйымдастырушыларға зор ризашылығын айтты. Бегәлиев атындағы жалпы орта мектеп жанынан құрылған «Нұршуақ» балалар-жасөспірімдер театры Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесі желісімен «Қайтарылған кек қасіреті» сахналық қойылымын ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, осы мектептің 11 сынып оқушысы Динара Сәрсенбаева «Ана» туралы монологын тебірене оқыды. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі, Абай атындағы жалпы орта мектепің өнерпаздарышуақты көктем туралы әуезді әндерін орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова кешті қорытындылап, қоғамды жақсылыққа үндейтін «Алғыс айту» күнінің маңыздылығана тоқталды. Сонымен қатар, мерекелік шараның арнайы қонақтары жастары 90-нан асқан кейуаналарға сый-сияпаттар ұсынып, иықтарына ақ орамал жапты. Соңында барлық қатысушыларға ашық хаттар жолданды.

А.Шакупова.