103 жастағы кейуананы құттықтады

Аудан тынысы

Облыс әкімінің орынбасары Айбек Крамбаев пен аудан әкімі Қайрат Нұртаев бастаған лауазым иелері 103 жастағы Ұлы Отан соғысы жауынгерінің жесірі, тыл еңбеккері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Уағиса әжейге сәлем бере барды.

Әжей бұрынғыдай емес, әлсіреңікіреп қалыпты. Қонақтарын жылы қабылдап: – Облыстан, ауданнан маған арнайы келіп жатыр екенсіңдер айналайындар, аман жүріңдер, маңдайларыңа шаң тимесін. Алла менің жасыма жетіп қартаятын саулық берсін. Бастарыңнан бақ таймасын. Заманымыз тыныш, бірлігіміз бекем болғай деп тілеймін, - деген ақ батасын арнады. Келіні Раушан қонақтарының алдында газ плитасын жағып, облыс, аудан басшыларына НКОК компаниясына ризашылығын білдірді.

Ауыл тұрғыны Рысханым Қабдиева бізбен әңгімесінде: – Зейнеткермін, осы ауылдың адамымын. Барша халық болып ауылымызға көгілдір отын келгеніне қуанып жатырмыз. Газ деген нәрсе жақсы ғой, көптен күткен арманымыздың бірі бүгін орындалды. Бұрын ауданның басқа жерлерінен көріп қызығатынбыз, бізге де тезірек жетсе екен деп тілеп жүретінбіз. «Ештен кеш жақсы», дегендей басшылар уәдесінде тұрды. 103-ке толған ауыл анасы Уағиса Мұхтарова менің құдағайым. Үлкенді елеп сәлем беріп жатқан облыс, аудан басшыларына да алғысымды айтамын, - деді.

Қ.Ғүмаров