Қайта оралған әз-Наурыз

Жаңалықтар

Мыңдаған жылдар бойғы дәстүрге сай, Наурыз — қазақтың басты мерекесі еді. Кеңес заманының алғашқы жылдарында да солай болды. Алайда, «Наурыз – діни мереке, исламның қалдығы» деген желеумен 1926 жылдан бастап бұл мерекені тойлау тоқтатылды.

Тек араға алпыс екі жыл салып 1988 жылы ғана зиялы қауым тарапынан қазақ жерінде Наурызды ресми түрде мерекелеу туралы бастама қолға алынды. Негізі, ресми тойланбағанмен, оған дейін де Наурыз қазақ даласының әр түкпірінде ауылдық жерлерде үзбей атап өтілгені белгілі. Енді оны жалпы қазаққа ортақ ұлттық мереке ретінде қайта түлету, өз дәрежесінде атап өту қажеттігі туындады. Ұлыстың ұлы күнін ортамызға оралтуға ақын Мұхтар Шаханов бастаған бір топ ұлт зиялылары тер төкті. Ал олардың бастамасына сол кезде Министрлер кеңесіне төрағалық еткен, қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақ халқының ұлттық мәдениеті, ана тілі, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңаруына үлес қосқан мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков қолдау көрсетті.

Сөйтіп, 1988 жылы қазақтың өшкені жанып, Наурыз мейрамы тұңғыш рет Алматының М.Горький атындағы орталық саябағында кең ауқымда тойланады. Ұлыстың ұлы күнгі ұлық мейрамға 100 мыңнан астам халық жиналған. Қазақы үлгідегі киім кигендердің шеруі өтіп, түрлі ұлттық ойындар ойналды, халқымыздың салт-дәстүрлері паш етілді. Осылайша, үлкен деңгейде мереке болып, еліміздегі өндіріс орындары, мектептер, жоғарғы оқу орындары жалғастырып алып кетті. Тіпті, бұдан соң Наурыз мейрамын Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түркменстан республикалары мен Ресей Федерациясының құрамындағы түркітілдестер мемлекеттік деңгейде тойлауды қолға алды.

Біздің Құрманғазы ауданында қайта түлеген Наурыз мейрамы 1989 жылдың 19 наурыз күні өтті. Бүкілхалықтық той Ганюшкин ауылының күншығыс бетінде ұйымдастырылды. Бұл араға жылдар салып, халқымен қайта көріскен ұлттық мерекенің Теңіз топырағына алғаш қадам басуы еді. Шараны сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Еркеғұлов жиналғандарды құттықтау сөзімен ашып, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрлеріміздің өзіндік мән-маңызын алғаш рет биік мінберден айтты.

Мейрам театрландырылған қойылыммен басталып, той алаңына шудалары желмен желкілдеген, маң-маң басқан ақ түйелерге мінген кәрі қыс желтоқсан, қаңтар, ақпан нөкерлерімен шығып, қаншама қаһарына мініп, ақ түтек боранын шақырғанымен кезек ақ боз ат мінген Көктем аруға, оның шашбауын көтерген наурыз, сәуір, мамырдай серіктеріне өтті. Тойшыл қауым дүркірете қол соғып, гүл-көктеммен сағынысып көрісті. Төлеген Ахметжановтың дирижерлік етуіндегі аудандық ұлт-аспаптар оркестрі(суретте) сазгер М.Құсайыновтың «Мереке» күйін көктемгі аспанда қалықтатты. Ұлттық киім киген қыз-жігіттер алтыбақанда тербеліп, «Көктем вальсін» шырқады. Содан соң аудандағы соғыс және еңбек ардагерлерінің бір тобы мен жастар гүл-көктемді ортаға алып, Көктем жалауын көтерді.

Халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлер – Жиренше шешен, Қарашаш сұлу салмақты сөздерімен тәнті етсе, Алдаркөсе тағы да Шығайбайды сазға отырғызды. Тазша бала мен сайқымазақтар той думан ортасынан табылып, жиылған жұртшылықты қыран-топан күлкіге батырды.

Енді бір мезетте нөпір халық ұлттық ойындар алаңына ойысып, біздің өңірде көптен бері болып көрмеген көкпар ойнын тамашалауға бет бұрды. Құйрық-жалдарын сүзген бір-бір жарау аттарды тақымдарында ойнаған қарулы жігіттер көкпарға тігілген серкені сілікпесін шығарып ары тартып, бері тартып ортада ойқастады. «Партияның ХХV жылдығы атындағы» кеңшар мен «Путь к коммунизму» кеңшарының шабандоздары өздерінің ат құлағында ойнаған ептіліктерімен ерекшеленді. Атпен шауып келе жатып жердегі теңге түйілген орамалды ілуде «Коммунизм жолы» кеңшарынан келген Сәкен Нұрмақовтың мерейі үстем болды. Аударыспақта да небір атанжілік апайтөс жігіттер ат үстінде бір-бірінен айласын асырып бақты. Қазақша күресте Құрманғазы атындағы және «Октябрь» кеңшарының палуандары жүлде бөлісті.

Тоғызқұмалақшылар сайысында «Партияның ХХV жылдығы атындағы» кеңшар атынан сынға түскен Орынбек Хамитов пен Калинин атындағы кеңшардың намысын жыртқан Ерболат Дүйсенов бірінші және екінші орындарды өзара бөлісті.

Шаруашылықтардың алқақотан тігілген ақшаңқан киіз үйлерінен бұл күні қонақ бір арылған емес. Жағалай бір-бірімен көріскен жұрт наурыз көжеден дәм татып, ақ бауырсақтардан ауыз тиді. Ақсақалдар жағына сый-құрмет көрсетіліп, табақ тартылды.

Көл-көсір көңілдер ақтарылған Наурыз мейрамының шымылдығын «Балқұдық» кеңшарының «Жиделі» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ұлттық сазды әуенмен жапты. Осылай 1989 жылдың жаймашуақ күнінде аудан тұрғындары зор шабытты көңіл күймен жаңарып, жасарған Наурыз мейрамымен қайта қауышты.

Аудан жаңалықтарының жаршысы – «Серпер» (бұрынғы «Ленин жолы») газеті қайта оралған ұлттық мерекеге арнайы нөмір арнады. 1989 жылғы 18 наурызда шыққан санында аудан тұрғындарын құттықтап, сол кездегі халық депутаттары аудандық советі атқару комитеті төрағасының орынбасары Болатбек Шуриннің «Жаңа дәстүр жайсын қанат» атты мақаласын, аға буын штаттан тыс тілшілер Ибн Халменовтің, Шәріп Алмағанбетовтың естелік материалдары жарық көрді. Бұдан басқа журналистер Таңатар Дәреловтің «Сүйкімді қозылар» репортажы, Қисым Ғұмаровтың «Ата лебізі», Нұрым Ерғалиевтің «Көктем суреттері» өлеңдері, Гүлмайда Жұбанованың «Ұқсайды сол көктемге» мөлтек сыры және фототілші Сағынтай Қуанышбаевтың «Наурыз нақыштары» айдарымен тақырыптық фотосуреттер берілген. Бұл ұлттық сана-сезімнің сілкініп, марғау ұйқысынан ояна бастаған, азаттықтың ақ таңының аян беріп, Тәуелсіздік дәуірінің дүбірі жақындағанын білдірген әз-Наурыз мейрамы еді.

А.НӘЖІМОВ.